Халқымыздың үш бірдей данышпан даналары – Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген, исі қазақ баласы үшін киелі де, қасиетті ұлылар мекені атанған, абыздар мен аңыздар өлкесі қарт Шыңғыстау алдыңызда тұр. Шыңғыстау батысқа қарай шөккен түйедей көлбей түсіп, екі жүз шақырымға созылып жатқан әйгілі Шыңғыстау онша биік емес. Оның Хан биігі жотасы теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте орналасқан.
Шыңғыс тауы мен Хан биігінің аталуына байланысты түрлі аңыздар мен жорамалдар да жетерлік. Солардың кейбіреулеріне тоқталайық.
Шыңғыстау ерте заманда «Найман күре» деп аталыпты. Бұл таудан бастау алатын 8 өзенге байланысты айтылған. Ал, енді бір аңыз әңгіме былай баяндайды: Бірде ұлы қаған Тимучин қара қытай хандығын бағындырған шапқыншылықтан соң осы маңға аялдайды. Қайсақтар оған бодан болу жөнінде шешім қабылдайды да, атақты Майқы би бастатқан бір топ адамды елшілікке жібереді. Бұлар Тимучинге бағынған он екінші ел еді. Шыңғысханға бағынған он екі халықтың өкілдері түгелдей таудың биік шоқысының басына бір–бірден бөрене әкеліп, оны айқастыра құрып, ақ шатыр тігеді. Майқы бастатқан билер Тимучинді ақ киізге отырғызып, тау басындағы ақ шатырға әкеледі. Осы рәсім кезінде қара халық та, билер де: «Шыңғыс хан» деп ұран шақырады. Тимучиннің есімі қазаққа жатық тілде «Шыңғыс хан» деп жарияланған соң, тау – «Шыңғыстау», жота – «Хан биігі» деп аталған.
Бұл жөнінде ХІХ ғасырдың ортасында атақты поляктың жаһангез ғалымы Адольф Янушкеевич: «Шыңғыстаудың кербездігі мен үшін тіпті ала бөтен. Бұл тауға Шыңғысханның есімі мәңгі бақи таңылған ғой. Менің көз алдымда осының өзі ғана тауларды қазіргісінен де биіктетіп, бір құпия күшпен ұлылықты күн сәулесіндей етіп көрсетеді», – деген.
Ұлы Абай бабамыз: «Қашан Моңғолдан Шыңғысхан шыққанда қазақтың 12 руынан 12 кісі «құтты болсынға» барыпты. Соның бірі Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал болған. Майқы сол кісі екен, - деп тегін айтпағаны анық» – дейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ....» - деп шерлі мұңын шерткен.
Мұхтар Әуезов атамыз: «Тау аты Шыңғыс. Бұны атам заманнан атақты Шыңғыс хан мекен еткен. Биігінің аты – Хан. Шыңғыстың ордасын тіккен жері ... Мінеки, аудан тұрған тау аты – Қарауыл. Қолбасы батырлары, нояндарының жортуылға шығатын биігі», - деп «Шыңғыстау» әңгімесінде жазған.
Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев: «Әйтеуір Шыңғыстауда бір ғажайып сыр, киелі қасиет бары бекер емес екеніне бұл күнде ешкім де шүбаланбасы анық. Бәлкім, Евразияның кіндігі – Шыңғыстау туралы дуалы ауыз бабаларымыздың айтқаны «Шыңғыстың топырағы қасиетті, шөбі қуатты, малы киелі, адамы қабілетті» - дегені болар. Бүгінде ол ғылым тұрғысынан әлі дәлелденбегенімен, өмір жүзінде көз жетіп, әлем мойындап отырғаны ақиқат» - депті.
Ұшы – қиыры көз жетпейтін осынау Шыңғыс атырабына шамамен Европаның кішігірім 4 – 5 мемлекеті сиып кететін көрінеді. Бүгінгі Абай ауданы – тасында тарихтың таңбасы бар, ойы мен қыры, белі мен беткейі, төбе, шоқысы естелік, ескерткішке, аңыз, шежіреге толы өлке.
Бұл – ұлы бабаларымыз, батырлар мен ақындарымыз, ойшыл даналарымыз мекен еткен, сан қилы тағдырлар мен алмағайып замандарды басынан өткерген киелі де, қасиетті Шыңғыстау, әлі де ашылмаған сыр-құпияға толы мекен.