Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768 ж.ж) – XVIII ғасырдағы қалмақ басқыншыларымен болған қазақ елінің азаттық соғысында қол бастаған, сан мәрте жеңіске жеткен батыр, әрі сазгер, әрі ақын-жырау, қолбасы. Шыңғыстауда алғаш рет өзеннен арық ағызып, егінге су тартқан. Жырау жасаған арық-каналының орны бүгін де Құндызды өзенінде көрініп жатыр.
Ақтамберді мазары — XVIII ғасырдағы архитектуралық ескерткіш. Абай ауданының шетіндегі Шет өзенінің шығысында, Құндызды Қос өңіріндегі Жүрекжота деген төбенің басында тұр. Абай ауданының орталығынан 57 шақырымда орналасқан.
Өршіл жырау, әрі жыршы, әрі ақын Ақтамберді Сарыұлы өз туындыларында сұрапыл майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, ғибратқа толы жыр жолдарымен ықпал етіп, халықты іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Артына елеулі мұра қалдырған жырау поэзиясы тақырып жағынан да, мазмұны жағынан да бай болғаны айқын сезіледі.
Халқымыздың көркемдік сөз өнері тарихында Ақтамберді есімі өзіндік орны бар жыраулық поэзияның көрнекті бір өкілі ретінде мәңгі сақталады. Жыраудың туындыларында психологиялық параллелизм, қайталау, кей уақытта дыбыс қуалаушылық пен формулалық та кең пайдаланылады. Жалпы поэзияға тән теңеу, шендестіру, әсірелеу контраст тәрізді көркемдік әдіс — тәсілдер де толғауға жат емес.
Ақтамберді жыраудың әзірше бізге мәлім 26 шығармасы бар, олар тақырыбы жағынан үш топ құрайды да, осы үш топ жырау өмірінің үш кезеңін бейнелеп, содан хабар береді: жастық шағы, кемеліне келіп, даңққа бөленген кезі және қартайған уақыты. Осыдан болу керек, Ақтамберді поэзиясында қаһармандық пен лирикаға тән нәзіктік, қатал шындық пен сағым қиял қатар өріліп, аралас жүреді.
Қазақ елінің ұлы сөз ұстар жырауларының бірі Ақтамберді тоқсан үш жасында дүние салыпты. Туған жердің топырағын мәңгі жастанар алдында айтқан толғауында жырау өзінің өмірлік мақсаты тегіс орындалғандығына ризашылығын білдіре келіп, «батырларша оққа ұшпай, төсекте жатып тек өлгендігін» өкініш етеді және осы сөзімен-ақ қазақ әдебиеті тарихында ерекше із қалдыратыны даусыз.