Абай облысының Абай ауданы – Семей қаласынан оңтүстік батысқа қарай Шыңғыстаудың бөктерінде орналасқан. Ауданның батысы мен солтүстігі ұсақ шоқылы жазық. Оңтүстігінде Шыңғыстау жоталары жатыр. Климаты қатал.
Абай ауданы 1928 жылы құрылды. Абай ауданының тарихы ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғынан басталады. Ауданның алғашқы ірге тасы 1927 жылы қаланып, оған Бұғылы, Шаған, Шыңғыс, Қызыладыр, Мұқыр болыстары біріктіріліп, 1928 жылдың қаңтар айында Заңды күшіне еніп Шыңғыстау ауданы деп аталған.
1928 жылы аудан орталығы Ақтанбұлақ елді-мекенінен тоғыз жолдың торабы болып есептелетін, құрылыс салуға, мал өсіруге қолайлы жер – Қарауыл ауылына көшірілген.
1930 жылдың қараша айынан бастап Шыңғыстау ауданы Голощекин ауданы болып ауыстырылып, осы жылдың желтоқсанында ауданға бұрынғы атауы қайтарылады.
1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Шыңғыстау ауданы Семей облысының құрамына кіреді.
1940 жылдың 5 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша қазақтың басақыны Абай Құнанбаевтың 95 жасқа толу мерейтойына орай Шыңғыстау ауданы Абай ауданы болып өзгертіледі.
1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты Абай ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енген.
Аумағы – 20 мың шаршы км. Ауданның әкімшілік орталығы – Қарауыл ауылы. Құрамында 9 ауылдық округ бар: Қарауыл, Архат, Көкбай, Құндызды, Саржал, Тоқтамыс. Аудан экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы.
Абай ауданы Абай облысының рухани астанасы, ұлылар мекені.
Абай – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Осы жерде ұлы Абайдың шығармашылығына арналған республикалық Абай оқулары, көрмелер, шолулар, оқырмандар конференциясы өткізіліп, Абай әндері шырқалады.
Аумағы
Ауданның жалпы аумағы 20 мың шаршы шақырым. Аудан орталығы-Қарауыл ауылы.
9 ауылдық округке бөлінеді:
– Қарауыл,
– Архат,
– Көкбай,
– Құндызды,
– Саржал,
– Тоқтамыс,
– Медеу,
– Кеңгірбай би,
– Қасқабұлақ.
Халқы
Ауданда халық саны 13772 адам. (2024 жылдың 1 жартыжылдығы).