Күшікбай Мырзамбетұлы – ХVІІІ-XIX ғасырда өмір сүрген қазақ батыры, бойына ерекше қасиет дарыған, қалмақтармен соғыста үш жүзге ерен ерлігімен танылған қазақтың біртуар баһадүрі. Оның төртінші бабасы Бесім Тоқаұлы – Есім ханның әйгілі батырларының бірі.
Семейден ұлылар мекеніне бетке алып, Қарауылға жол тартқанда алдымен көзге түсетін өзгеше мекен бар.
Қарауыл - Семей трассасының 55-ші шақырымында орналасқан монумент – дерекке бергісіз аңыздарымен әйгілі Күшікбай батыр бұлағы. Қойнауына қасиет тұнған қарт Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті көрінетін бұл жердің өткен-кеткен жолаушы үшін жөні бөлек. Себебі, ұлы Абай топырағына аяқ басқан жан алдымен осы Күшікбай бұлағының басына аялдайды. Жай ғана тоқтамай, тұнық суды қасиет тұтып, арнайы ыдыстарына да толтыра алып кетіп жатады.
Тау бауырынан сарқырай ағып жататын бұлақтың ерекшелігі сол – қыста қатпайды, жазда да суы бір толастамайды.