XX ғасырда танымал ақындығымен қатар, музыка өнеріне ерен үлес қосып, дәстүрлі мәдениетті дамытудағы таланттардың еңбегі ерекше болды. Бірегей дарындылардың әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші, әрі композиторлық қабілеттері арқылы ұрпаққа қалдырған сарқылмас мұрасы оған дәлел.Осы шоғырдың жарқын өкілдерінің бірі қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы танымал ақын, әнші, күйші Шәкір Әбенұлы (1901-1994 жж.). Ол көптеген өлеңдер, поэмалар, айтыстар мен ән-күйлердің авторы. Ш.Әбенұлы 1901 жылы 1 наурызда қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Қүндызды ауылында дүниеге келген. Шәкірдің азан шақырып қойған аты Мұхаметшүкір. Әкесі Әбеннің қойған аты. Шәкір тікелей әкесі Әбен қажының тәрбиесінде болып, сол кісінің ықпалымен ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған. Семейдегі приходская школында оқыған. Мұсылманша жэне орысша сауатын ашқан соң, оқуға зерек Шәкір 1915 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға түседі.
1916 жылы көтеріліске байланысты оқуын жалғастыра алмай ауылына қайтады. Шәкірдің гимназияда оқып жүргенде-ақ өлеңге, өнерге қабілеті таныла бастаған. Жасынан зердесі ерекше жетілген Шәкір айналасындагы ақындардың өлеңдерін жаттап, Абайдың өнерпаз шәкірттерінің алдын көріп, ақындық ортаның ішінде тәрбиленіп өсті. Алғашында алдыңғы буын ақындарға, әншілерге ұқсасам-деп еліктеу кезеңінен өткен соң, осы дәстүрді жалғастыруға бел байлайды. Шәкірдің ондай талабы текке кетпейді, өзі білетін өлең, жыр, дастан, ән- күйлерді ел аралап айта жүріп, халық құрметіне бөленіп, осы өнерлерін жетілдіріп шыңдай түскен. Халықтың көптеген ән-күйлерінің кейінгі ұрпаққа жетуіне үлкен үлес қосты. Арнайы мамандарды тауып, өзі білетін халықтың ән-күйлерін нотаға түсірді. Ақынның жас шағында өнерге деген қызығушылығын оятқан бірден-бір адам - Ағашаяқ. Ағашаяқ Берікбол Көпенұлы /1854-1931/ қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында туған. Әйгілі әнші, композитор, әрі ақын. Сондай-ақ, цирк өнерінің асқан шебері, ұзын екі бақанды балдақтап жүгіргенде шапқан атқа жеткізбейтін болған. Екі түйенің өркешіне арқан оратып, сол арқанның бойымен жалаң аяқ жүгіріп "бүркіт" биін билейді екен.
2003 жылы Құндызды ауылында ақын Шәкір Әбеновтің мұражай-үйі ашылды. Мұражай 1962 жылы салынған ақынның үйінде ашылды, осы үйде қазақтың атақты ақыны ұзақ жылдар бойы 60-шы жылдардың басынан бастап 1994 жылы дүниеден қайтқанша өмір сүрді. Бірнеше жыл бұрын мұражай-үй күрделі жөндеуден өтті, қалпына келтіру жұмыстардан кейін, мұражай келушілерге жаңартылған әдеби және мемориалдық экспозицияны көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Мұражайда төлтума экспонаттардың үлкен топтамасы бар. Барлық жеке заттар – киім, тұрмыс заттары, ыдысы бар үй, сонымен қатар қолжазбалар, кітапхана, жазысқан хаттар ақын қайтыс болғаннан кейін Абай атындағы Мемлекеттік қорық-мұражайының қорына тапсырылды. Шәкір Әбеновтің мұражай-үйі Абай атындағы Мемлекеттік қорық-мұражайының филиалы болып табылады, сондықтан экспозиция осы қорлардан құрылған. Экспозицияны құру барысында қазіргі кездегі әдеби мұражайларды құрудың негізгі принциптері сақталған.
Мұражай экспозициясы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасына арналған залынан басталды, бұл поэма ақын шығармашылығында ерекше орын алып жатыр және оның арқасында Бүкілхалықтық даңққа және құрметке ие болды.
Мұражайға келушілерді залға кірудің алдында поэманың бас кейіпкерлері қарсы алады, олар бірінші залдың негізгі фигуралары болып табылатын Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу. Әдеби материал поэманы жазу тарихы, қолжазба мен алғашқы басылымымен таныстырады . Ш. Әбеновтің «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» поэмасы 1938 жылы Алматыда жеке кітап ретінде шықты. Экспозицияның жалғасы келішулерді тақырыптық-хронологиялық принципі бойынша көрсеткен төлтума материалдар негізінде ақынның шығармашылық зертханасымен таныстырады. Осында ақынның қолжазбаларын, күнделіктері мен жеке хаттарын көруге болады. Осыдан басқа мұражайда сол заманның әдеби өмірін көрсететін көптеген экспонаттары бар – замандастардың суреттері, кітаптар, ақын достарының еске алулары. Шәкір Әбеновтің сазгерлік және өлеңдік қызметін ашатын материалдар көрсетілген, мұражай стендерінде дәстүрлі музыкалық аспаптары, солардың ішінде ақынның жеке аспаптары бар. Бөлек бөлмелерде ақынның қиын өмірін және қарапайым тұрмысын сипаттайтын қызықты экспонаттармен танысуға болатын экспозицияның мемориялдық бөлімі көрсетілген. Мемориалдық заттар жұмыс бөлме мен демалыс бөлмесінің ішкі көрінісін жаңғыртады. Келушілер жеке заттарға ерекше көңіл бөліп жатады: домбыра мен ақынның өзі жасаған тұрмыс заттары, сағат, «Халықтар достастығы» ордені мен медальдері, сонымен қатар ақынның отбасылық өмірінің фотоматериалдары. Экспозицияны халық ақыны Шәкір Әбеновтың есімін және әдеби мүрасын мәңгі есте қалдыру жайындағы деректі материалдар толықтырады.