Халқымыздың үш бірдей данышпан даналары Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген Шыңғыстау өңірі – иісі қазақ баласы үшін киелі де, қасиетті мекен екені сөзсіз.
Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай, сенін көрмегенің жоқ…. деп шерлі Шәкәрім айтпақшы, бұл өлкені қоныс еткен ата – бабаларымыз арғы – бергі тарихта, небір дүбірлі – думанды, небір зулматты – заманды бастан кешпеді дейсің.
Шынғыстаудың елі шежіре, жері тарих екені даусыз.
Бұл өнірде сөз мәйегін балша ағызған, ел қамын қабырғасы қайысып терең ойлаған; Кеңгірбай, Қарамеңді, Ералы, Өскенбай, Құнанбай сынды қасиетті би бабалар, халқынын күйі үшін күңіренген сайын даланын Асан қайғысы атанған Нысан Абыз, Ешен әулие сынды киелі кемеңгерлер, елінің елдігі мен жерінің кеңдігі үшін жанын беріп, қанын төккен Мамай, Тоқтамыс бастаған сансыз батыр бабаларымыз болған.
Замана толқыны теңіздей тулап, бір орында тұрмайды. Шыңғыстын бауыры мен сыртын жайлаған, мал баққан осынау момын ел, кешегі кеңестік дәуірдің ащы да, тұщы да дәмін татты. Бүгінде Шыңғыстау өңірін мекен еткен Абай елі – өткенге тәубә айтқан, болашаққа сенім артқан, малын жайған, ұрпағының қамын ойлаған, бауыры аман, жұрты тиыш, көгінде ән, төрінде жыр қалқыған елге айналды.
Иә, сапарға шыққан жолаушым! Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған шежірелі Шыңғыстауға қош келдініздер!