Нысан абыз мазары – Медеу ауылының жоғарғы тұсында, Ақтанбұлақ бұлағы басында ел болашағын ойлаған, Асан қайғыдай қобызын зарлатқан, «Еңлік-Кебек» пьесасының кейіпкері Нысан абызға ескерткіш мазар тұрғызылған.Қарауылдан 50 шақырым жерде орналасқан.
Нысан абыз бейнесі кездесетін «Еңлік-Кебек» оқиғасы он сегізінші ғасырдың үшінші ширегінде, дәлірек топшылағанда 1770-1780 жылдардың аралығында Шыңғыстауының алқабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен. «Еңлік пен Кебек» оқиғасының драматизмін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі қайғылы ел тарихының ауыр жағдайы, ру мен ру арасындағы тартыс, ру басылардың арасындағы бітіспес кикілжің, қазақтың баласын бесікте айттырып қоятын ескілік салты, бәрі-бәрі қосылып матастырып, қояландырып жібереді.
Нысан абыздың аты – Жиеншора. Нысаналы болған соң, Нысан деп атап кеткен дейді. Нысанның қыстауы – Кеңгірбайдың кешенінен отыз шақырымдай, Шұнай тауының балақ бауында. Айналасы шилеуіт, қақты көл бар. Мазары – Қыдырдың қыратының етегінде, қыстауынан 10-15 шақырымдай, Ақтанбұлақтың басында. Қазіргі Медеу ауылының шеті. Бұлақтың айналасы сазданып, қабырғалары езіліп, құлай бастаған соң 1987 жылы Нысан абыздың сүйегі қазып алынып, қыраттың төбесіне қойылып, ақкірпіш пен мәрмәрдан өрілген мазар орнатылды.