Тоқтамыс Лақаұлы 1730 жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде туған, мөлшері 1797 жылы уланған найзадан түскен жарадан ауырып, қайтыс болған. Сүйегі Қарауыл төбенің күнбатыс жағындағы Абай ауданының орталығы Қарауылдан 12 шақырым жерде, Шыңғыстаудың жотасында, Белбасар төбесінде жерленген.
2019 жылдың қыркүйек айында Қарауылда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде, «Туған жер» жобасының аясында Абылайханның шеп бұзар батырларының бірі, Бөгенбай мен Қабанбай батырлардың сенімді серігі болған Тоқтамыс батыр Лақаұлының дүниеге келгеніне 290 жыл толуына орай «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» атты айтулы шара ұйымдастырылды.
Батыр рухына арналып ас беріліп, Тоқтамыс Лақаұлының ескерткішінің ашылу салтанаты болды.
Тоқтамыс батыр - Сыр өңірінен Тобықты елін Шыңғысқа Мамай батырмен бірге бастап әкелген батыр – серігі ретінде тарихта қалды.
Тоқтамыс батырдың ерлік-еңбегі халық аузындағы әңгіме, өлең-жырда көп айтылады. Тоқтамыс батыр Лақаұлы жөнінде: Шәкәрім: “ Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы, Тоқтамыс Жуантаяқ деген кісі ” деп, әйгілі “ Еңлік – Кебек ” дастанында жазса, Байкөкше ақын Тоқтамыс батырдың қазақ – қалмақ ұрысындағы, ерлігін, жекпе – жегін ерекше шабытпен жырлаған.