Көрнекті халық жазушысы, абайтанушы, мұхтартанушы, майдангер, ұстаз Кәмен Оразалиннің музей – үйі Абай ауданының орталығы Қарауылда орналасқан.
1950 жылы өзі салып, 2008 жылға дейін өзі тұрған, қазақтың әдебиет әлеміне тарихи көркем повестер мен романдар көшін жеткізген және мазмұн – мақсатқа толы өмірінің алпыс жылға жуығын өткізген жазушының тарихи үйі және қазақ асқан адамдар дәм татқан қастерлі қарашанырақ – 2022 жылы 11 қарашада Абайдың “ Жидебай – Бөрілі ” мемлекеттік музей – қорығының бөлімі – “ Кәмен Оразалиннің музей үйі ” болып ресми түрде ашылды. М.Әуезов көшесі мен Құнанбай көшесінің қиылысында орналасқан.
Кәмен Оразалин «Көктем салқыны», «Ақжазық», «Абайдан соң» романдарының авторы.
Жазушы еңбектерінде Абайдың қазақ халқы тарихында өшпес ізі мен Мұхтар Әуезовтің еңбегін насихаттаған.
Музейде тұлғаның пайдаланған заттары, фотосуреттері, қолжазбалары мен кітаптары қойылған. Қазір қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты 3 мыңға жуық жәдігер бар.
Ұлы Елдар Оразалы: "Әкейдің артына қалдырған мына ғажайып үлкен жәдігерлер, небір шежіре дүниелер. Соның бәрі кейін қазақтың халқы үшін, ел игілігіне айналса деген ой болған. Арман болған. Бүгін сол арман орындалды деп ойлаймын".
Төлеген Жанғалиев, ақын: "Енді біз сол кісінің шәкіртіміз. Ол кісі жазушы ғана емес, мыңдаған, жүздеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарған. Менің қуанып тұрғаным, Кәмен мүғалім 90 жасағанға дейінгі ғұмырының барлығы оның бірінші өмірі. Тіршіліктегі өмірі ғой. Оның екінші өмірі басталды."